Тараптар 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд долларға жеткенін атап өтті. 2026 жылдың алғашқы бес айында сауда көлемі 22 млрд долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға артты. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш болжам бойынша 50 млрд доллардан асады.
Сауда көлемінің жартысынан астамы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі. Басты міндет — өзара тауар айналымын 100 млрд долларға жеткізу. Ол үшін 2027–2030 жылдарға арналған Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен Жол картасын келісу процесін жеделдету қажет.
Инвестициялар және өнеркәсіптік кооперация
Тәуелсіздік жылдарында Қытай Қазақстан экономикасына шамамен 30 млрд доллар тікелей инвестиция салды. Қазақстандық тарап қытайлық бизнесті жоғары қосылған құны бар жобаларға қатысуға шақырады: бидай мен жүгеріні терең өңдеу, толық циклді металлургия, агрохимия және дрондар өндірісі.
Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің сауда көлемі 2 млрд долларға жетті. Қытай Қазақстанның 34 түрлі ауыл шаруашылығы өнімінің импортын келісіп алды, тағы тоғыз позиция, оның ішінде салқындатылған ет, келісу сатысында тұр.
Көлік және логистика
Қытайдан Еуропаға құрлық жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан арқылы өтеді. Ел өткізу пункттерін кеңейтуде. Жаңа «Бахты-Аягөз» өткелі ескерілгенде шекарадағы үш пункттің өткізу қабілеті жылына 100 млн тонна жүкті құрайды. Қытай үшінші теміржол өткелін бірлесіп салуға дайын екенін растады.
IX Халықаралық «Қытай — Еуразия» көрмесінде Серік Жұманғарин агрохимия және дрондар өндірісіндегі озық әзірлемелерді атап өтіп, өндірушілерді өндірісті Қазақстанда локализациялауға шақырды. Дин Сюэсян цифрлық экономика, жасанды интеллект, энергетика және навигациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.