Жұмыс Президенттің тапсырмасын орындау аясында жүргізілуде. Құжат осы мақсатқа жету үшін кезең-кезеңмен шараларды айқындайды.
Елді газдандыру 2035 жылға дейінгі Бас схеманың аясында жүргізілуде. Ол азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлердің дамуына және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша 94 елді мекенде 84 газбен жабдықтау жобасы іске асырылды. Табиғи газды 354 мыңнан астам тұрғын алды. Жыл ішінде 2 мың шақырым газ тарату желілері салынды. Қазір республика тұрғындарының 20,5 млн-ның 13,1 млн-ы газға қол жеткізді.
2026 жылы тағы 36 мың адамды газбен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Әзірленіп жатқан Жол картасы газдандыруды жеделдетудің негізгі стратегиялық құжатына айналады. Оның іске асырылуы халықтың табиғи газбен қамтылуын кеңейтуге және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бойынша ауқымды Ұлттық жобаны бастайтынын мәлімдеді. Биыл оған 1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған.