Мемлекет басшысы басқарма төрағасы Нұрлан Жақуповтың есебін тыңдады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қор басқаратын активтер 88 млрд долларға жетті.
2026 жылы «Самұрық-Қазына» жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 16 жобаны аяқтауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында – Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желілері, Қашағандағы газ өңдеу зауыты, Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту, гибридті электр станциясы және Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық желі.
Жобаларды іске асыру елдің көлік, энергетикалық және цифрлық инфрақұрылымын нығайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға тиіс.
Жыл сайын Қордың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі арқылы миллионға жуық қазақстандық қолдау алады. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында тағы 5 млн ағаш отырғызу жоспарлануда; 2024–2025 жылдары 5,8 млн ағаш отырғызылған. 2023–2026 жылдары Қор 856 млрд теңгеге 100-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландырды.
2026 жылдың қазан айында Қосшыда NVIDIA B300 негізінде жаңа суперкомпьютерлік кластер іске қосылады. «Қазақтелеком» суперкомпьютерінің қуаты төрт есе артады, бұл елдің жасанды интеллект және жоғары өнімді есептеулер саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент Қордың негізгі инвестициялық жобаларын уақтылы іске асыру жөнінде тапсырмалар берді.